АСТАНА, 19 маусым – Sputnik. Пхеньяндағы құрметті қонақтарға арналған "Кымсусан" резиденциясына бара жатқан жолда Ресей президенті Владимир Путин мен КХДР басшысы Ким Чен Ын екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамыту туралы ойлары және пікірлерімен бөлісті. Бұл туралы КХДР Орталық телеграф агенттігі (КОТА) хабарлады, деп жазды РИА Новости.
Ресей президенті Владимир Путин екі күндік мемлекеттік сапармен түнде Пхеньянға келіп, оны Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қарсы алды.
Олар резденцияға жеткенше КХДР мен Ресей арасындағы қарым-қатынастарды дамыту бойынша пікір алмасты, деп жазды агенттік.
Бүгін, 19 маусымда Пхеньянда Путин мен Ким Чен Ынның ресми кездесу рәсімі басталды. Екі ел басшысының кездесуі Ким Ир Сен алаңында өтіп жатыр.
Ким Ир Сен алаңына бірінші болып Солтүстік Корея төрағасы Ким Чен Ын келді. Одан кейін КХДР ресми делегациясының мүшелері, одан кейін Ресей делегациясының өкілдері келді.
Содан кейін Ресей президенті Владимир Путиннің кортежі келіп, Ресей басшысы көліктен түсіп, мемлекет басшылары бір-біріне жылы лебіздерін білдірді, содан кейін делегация мүшелерімен амандасты.
Олар құрметті қарауылды қарсы алғаннан кейін Ресей мен КХДР әнұрандары шырқалды. Одан кейін мемлекет басшыларының алдынан КХДР қарулы күштерінің құрлық, теңіз және әуе күштерінің сарбаздары шерумен жүріп өтті.
Путин мен Ким Чен Ын "Мерседес" маркалы лимузинімен "Менің кең-байтақ туған елім" әуенімен алаңды айналып өтті. Аспанға шарлар ұшырылып, отшашу басталды.
Путиннің КХДР-ға сапарының бағдарламасы аясында 19 маусымда әртүрлі форматтағы келіссөздер, соның ішінде кеңейтілген құрамда, сондай-ақ көшбасшылар арасындағы бейресми кездесулер жоспарланған.
Сапар бағдарламасына сондай-ақ гала-концерт, мемлекеттік қабылдау және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кореяны азат еткен Қызыл Армия жауынгерлеріне арналған "Азаттық" монументіне гүл шоқтарын қою кіреді.
Путин КХДР-да соңғы рет 2000 жылы келген кезде Солтүстік Кореяның сол кездегі төрағасы қазіргі көшбасшының әкесі Ким Чен Ир болды.