Тоқаевқа Еуропа мен Азиядағы есірткіге қарсы шаралар туралы баяндалды

Тоқаев Ұлттық құрылтайда есірткі таратумен айналысатын адамдарға қатысты жазаны қатаңдату қажеттігін айтқан болатын
Sputnik
АСТАНА, 19 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс, Орталық Еуропа және Орталық Азия елдерінің есірткіге қарсы саясаты жөніндегі комиссиясының төрағасы Александр Квасьневскийді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Кездесу барысында нашақорлықтың және есірткі бизнесінің белең алуына қарсы күреске қатысты ақпарат алу, үздік тәжірибелерді насихаттау бағытында комиссиямен қарым-қатынас жасау мәселелері талқыланды.
"Сіздің миссияңыз өте маңызды. Біз мұны нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі ықпалдастықты дамыту үшін өте пайдалы деп санаймыз. Елімізде бұл мәселеге айрықша мән беріледі", – деді президент.
Тоқаев жуырда өткен Ұлттық құрылтайда есірткі өндірумен және оны халық арасында таратумен айналысатын адамдарға қатысты жазаны қатаңдату тұрғысынан заңнаманы қайта қарау қажеттігін айтқанын еске салды.
"Сіз Шығыс, Орталық Еуропа және Орталық Азия елдерінің есірткіге қарсы саясаты жөніндегі комиссиясының жетекшісі ретінде адамзат мүддесін көздейтін маңызды миссияны атқарып келесіз. Қазақстан комиссиямен белсенді қарым-қатынас жасауға дайын", – деп түйіндеді мемлекет басшысы.
Ал Александр Квасьневский есірткіге қарсы саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа бағдарламалар мен шаралар туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Квасьневский есірткіге тәуелділіктің алдын алу және есірткіні заңсыз таратуға қарсы күресу үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.