АСТАНА, 19 маусым – Sputnik. Алматы және Шымкент қалаларында сондай-ақ Түркістан облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері құрықталды. ІІМ Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық топтарды жою бойынша арнайы жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды.
17 маусым күні Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында ауыр қылмыстар жасаған, соның ішінде кәсіпкерлерді бопсалады деп күдікке ілінген қылмыстық топтың мүшелерін ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді.
"Топ мүшелерінің "қаңтар оқиғасының" белсенді қатысушыларымен байланысы бар екендігі анықталды. Полицияға 20 күдікті жеткізілді. 40-тан астам іздестіру шаралары өткізілді. Атыс және травматикалық қару, есірткі мен оқ-дәрі тәркіленді. Тергеу Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Тергеу мүддесінде өзге ақпарат жариялауға жатпайды.