Енді агробизнеске 2,5 пайызбен кредит беріледі

Кредитті 10 жыл мерзімге 5 млрд теңгеге дейін алуға болады
Sputnik
АСТАНА, 19 маусым – Sputnik. Енді агробизнеске 2,5 пайызбен кредит беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі ережеге өзгерістер енгізді, деп хабарлады ҚХА ақпарат агенттігі .
Ведомствоның баспасөз қызметінде атап өткендей, несиенің максималды сомасы – 5 млрд теңге, жеңілдетілген несиенің максималды мерзімі – 10 жыл.
"Жеңілдікті несие бизнесмендерді өндіріс көлемін кеңейтуге, сондай-ақ жаңа жобаларды жасауға ынталандырады деп жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Өзгерістер 12 бағыт бойынша жобаларды жеңілдікпен қаржыландыруды қамтиды. Атап айтқанда, сүт-тауар фермалары құрылысы, құс етін, сонымен қатар сиыр және басқа да ет түрлерін өндіру, көкөністер мен жемістерді сақтайтын қоймалар салуға қаржы қарастырылған.
Суармалы егін шаруашылығын дамытатын, өнеркәсіптік үлгідегі жылыжайлар ашатын, балық өсірумен және өңдеумен айналысатын, қайта өңдеуді жолға қоятын тауар өндірушілерге де қолдау көрсетіледі.