Кәсіпкер медициналық мекемеге бахиланың әр данасын 1 700 теңгеден жеткізбек болған

Оның талабын Жетісу облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қолдаған
Sputnik
АСТАНА, 18 маусым – Sputnik. Жетісу прокурорлары кәсіпкер бахиланы нарықтық құнынан 60 есе қымбатқа жеткізбек болғанын анықтады, деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Прокуратураның мәліметінше Абай облысының медициналық-білім беру мекемесі 500 қорап (25 мың жұп) бахиланы сатып алуға тендер жариялаған, оны ең аз сома – 887 500 теңгені ұсынған кәсіпкер жеңіп алған.
Алайда кәсіпкер бұл қомақты ақшаға бар болғаны 500 дана (250 жұп) бахила, яғни әрқайсын 1775 теңгеден жеткізуге тырысқан. Оның талабын Жетісу облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қолдаған. Яғни сот медициналық мекемені ақша төлей отырып, тауарды қабылдауға міндеттеген.
Апелляциялық сатыдағы прокурорлық ден қою шаралары кезінде бахиланың нарықтық құны 30 теңгеден аспайтыны дәлелденіп, заңсыз шешімнің күші жойылды.