АСТАНА, 18 маусым – Sputnik. Ақтөбе облысында "Қолжетімді интернет" Ұлттық жобасы аясында үздіксіз ұялы байланыс пен мобильді интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында антенна-діңгекті құрылымдар салу жоспарлануда, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
9 ауданда антенна-діңгекті құрылымдар орнату бойынша 17 орын анықталғаны айтылды. Жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеуге келісімдер жасалды. Қыркүйек айында құрылыс-монтаж жұмыстарына республикалық бюджеттен қаражат бөлуге бюджеттік өтінім беру және 2025 жылдың ақпанында жұмысты бастау жоспарлануда.
Сонымен қатар, Ақтөбеде қосымша 5G стандарты бойынша 16 базалық станция орнатылады. Бұл облыс орталығының тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді.
"Ақтөбеде байланыс сапасын арттыру аясында 60 жаңа базалық станция орнатылды және 160 базалық станция жаңартылды. Биылғы жылдың соңына дейін 4G стандарты бойынша 130 базалық станция орнату жоспарлануда. Оның 40-ы "КаР-Тел" ЖШС, 90-ы "Кселл" АҚ. Сондай-ақ Ақтөбеде 5G стандарты бойынша 28 базалық станция орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 16 базалық станция орнатылады. Осылайша біз қаланың барлық аумағын сапалы мобильді интернетпен қамтитын боламыз", - деді жиында Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев облыстық әкімдіктегі жиналыста.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жоспарланған жобаларды уақытында жүзеге асырып, тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.