АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Тараз қаласында төрт адам мінген көлік қаланың қақ ортасында шұңқырға құлап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық полиция депаратменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, жол апаты 16 маусым күні кешкі сағат 17:50-де Төле би даңғылында болған. "Лексус RX300" маркалы көліктің жүргізушісі "Кіруге тыйым салынады" және "Жөндеу жұмыстары" деген жол белгілерін қарамай, жолдың жабық учаскесіне кіріп кетті. Ол жерде магистральдық құбыр жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Ал қазылған шұңқыр қоршалмаған.
Құлаған көліктің видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
"Салдарынан жүргізуші, оның әйелі және екі кәмелетке толмаған баласы зардап шеккен. Мердігер ұйымға қатысты қылмыстық іс қозғалды", - дейді полицейлер.
Көлік жүргізушісі де жол белгілерін елемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.