Астанада жұмыссыз қалған аспазшы бір жарым айда жарты миллион теңге табыс тапты

28 жастағы қала тұрғыны "JOLTAP" жобасына дейін 6 жыл бойы аспазшы болып істеген
Sputnik
АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Астана қаласының әкімдігі "JOLTAP" жобасының нәтижесін жариялады. Жұмыссыз қалған аспазшы бір жарым айда жарты миллион теңге табыс тапқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгінде елордада "JOLTAP" жобасы аясында жұмыссыз қалған адамдарды оқыту курстары жүргізіледі. Оны еңбек нарығының сұраныстарына қарай дайындайды. Осы уақытқа дейін 2 мыңнан астам адам түрлі мамандық бойынша оқыту курстарынан өтті. Олардың ішінде Нұрсұлтан Телтаев та бар.
28 жастағы қала тұрғыны "JOLTAP" жобасына дейін 6 жыл бойы аспазшы болып істеген. Бірақ денсаулығына байланысты жұмысын ауыстыруға мәжбүр болды.
"Мен қала көшелерінде орналасқан пункттердің біріне кіріп, 14 мамандықтың ішінен "Мобилография" курсын таңдадым. Бұған дейін видео түсіруге деген қызығушылығым болды. Ал нарықта оған үйрететін курстар айына 300-350 мыңнан басталады. Бірақ ондай мүмкіндігім болған жоқ. Ал "JOLTAP" жобасы аясында 11 күн ішінде смартфон арқылы сәнді фото мен видеоларды түсіруді және оны монтаждап, дайын контент жасауды үйрендім. Арнайы куәлік те берілді", - дейді Телтаев.
Нұрсұлтанның оқыту курстарын аяқтағанына бір айдан аса уақыт өтсе де, төрт тапсырыс алып үлгерді.
"Мен бірден тапсырыс алып, мобилограф ретінде табыс таба бастадым. Мәселен курсты бітіргеніме 1,5 ай болып қалды. Осы аралықта 4 жобадан ұсыныс түсіп, жалпы 500 мың теңгеден аса табыс таптым. Автоұйымдар мен бизнес-форумдардан видео түсірдім. Осы қысқа аралықта мобилография саласы арқылы түрлі адамдармен таныстым", - деп атап өтті Нұрсұлтан.
Айта кетері, "JOLTAP" жобасына қатысушыларға 14 мамандық ұсынылады. Ал оқыту бағдарламалары мамандыққа байланысты 2 аптадан 1 айға дейін барынша қысқа мерзімде практикалық дағдыларды меңгеруге бағытталған.