Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі: СІМ өмір бойына сотталған қазақ қызының жағдайы туралы айтты

2014 жылы 20 жастағы қазақстандық студент Қытайда ұсталып, есірткі контрабандасы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған
Sputnik
АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Қытайдағы қазақстандық дипломаттар өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбаймен тұрақты байланыста, деп хабарлады сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
"Олар қажеттілігіне қарай барып тұрады, үнемі телефон соғып, жағдайын біліп тұрады", - деді Смадияров.
Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталған. Ол есірткі контрабандасы үшін айыпталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Қазақстандық қыздың қорғаушылары оның Қазақстанға оралуын талап етуде. Ақжарқын өзінің нигериялық есірткі мафиясының құрбаны болғанын айтады - оған Нигериядан келген танысы "киім салынған" сөмкені тасымалдауды сұраған.
Сөмкеде төрт келі синтетикалық есірткі болған.
Қазақстан оны экстрадициялауға талпынып жатыр, бірақ процесс созылып кетті. Қытай 2021 жылдың наурызында оны экстрадициялаудан бас тартты, себебі "ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігінсіз өмір бойына сотталды".
Қытай соты жазаны қысқартып, белгілі бір жыл мерзімдерін белгілесе, экстрадициялау мүмкін болады.