АСТАНА, 16 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Президент барша мұсылман асыға күтетін қастерлі мерекенің тағылымы зор екенін атап өтті.
"Құрбан айтта, ең алдымен, сауабы мол игі амалдар жасалып, елді ізгілікке бастайтын құндылықтар кеңінен дәріптеледі. Сол арқылы халқымыздың рухани тұтастығы нығая түседі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның пікірінше ата дініміздің ұлағаты біздің салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасып жатыр. Халқымыз қашанда қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын беріп, көмегін аямаған.
"Көктемдегі алапат тасқын кезінде жұртымыздың осы асыл қасиеті айқын көрінді. Біз ырысты ынтымағымыздың арқасында кез келген қиындықты жеңеміз. Айттан айтқа аман-есен жете берейік! Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Әр шаңыраққа амандық, толайым табыс тілеймін!", - деп түйіндеді Тоқаев.