АСТАНА, 16 маусым – Sputnik. Астанада суға батып кете жаздаған 16 жастағы баланы ұлттық ұлан сарбазы құтқарып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Жас жігіт достарымен бәстесіп, Ақбұлақ өзенін бір шетінен екінші шетіне жүзіп өтемін деген. Бірақ жарты жолда шаршап, суға бата бастаған. Дәл сол кезде өзен бойында Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің сарбаздары кезекшіліп атқарып жүрген.
Қатардағы жауынгер Махмет Әлішер бірден өзенге секіріп, суға батып бара жатқан баланы құтқарды. Ал жағада қалған сарбаздар екеуін судан алып шықты.
"Бұл жағдай қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін еді, бірақ сарбаздың жедел әрекетінің арқасында тағы бір өмір құтқарылды", - дейді құтқарушылар.