Министрлік Ресеймен +7 кодын бірлесіп пайдалану себебін түсіндірді

2021 жылы жеке код алу мақсатында Қазақстан үшін халықаралық +997 телефон коды резервке қойылған болатын
Sputnik
АСТАНА, 15 маусым – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан мен Ресей үкіметі арасындағы дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағын бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қою туралы қаулыны әзірледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2021 жылы жеке код алу мақсатында Қазақстан үшін халықаралық +997 телефон коды резервке қойылған болатын. Алайда байланыс операторларымен жаңа кодқа көшу мәселесін талқылау кезінде бірқатар қаржылық және технологиялық проблемалар туындайтыны анықталды.
"Сонымен қатар, отандық байланыс операторларының барлық абоненті мемлекеттік және банктік қызметтерді, әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшаларды алу үшін өз деректерін жаңартуы қажет болады. Осыған байланысты Халықаралық электр байланысы одағымен қайта келіссөздер жүргізіліп, +7 халықаралық кодын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды", - дейді министрлік мамандары.
Қазақстан үкімет қаулысының жобасын әзірленді. Енді Ресей Федерациясының цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі де осы мәселені қарайды. Жобаны мақұлдау туралы Ресей Федерациясының нотасы келуі керек.