АСТАНА, 14 маусым – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында екі бала көз жұмды. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Раиса Құсайынова қайғылы оқиғаның қалай болғанын баяндады.
13 маусымда түнгі сағат 01:51-де Надежка ауылының медбикесіне сол жерде тұратын отбасы хабарласқан. Қоңырау шалған кісі үш адамның құсып жатқанын айтыпты.
"Медбике сол үйге барып, барлық адамды қарап шыққан. Медициналық көмек көрсетілді. Ал таңғы сағат 8-дің шамасында олар тағы медбикені шақырады. Ол қайтадан барды. Сол кезде 2021 жылы туған баланың қайтыс болғаны анықталды", - деді Құсайынова журналистерге берген сұхбатында.
Ауылға дереу екі жедел жәрдем көлігі келді. Біреуі 28 жастағы әйелді инфекциялық ауруханаға апарса, екінші көлік 7 және 10 жастағы баланы облыстық ауруханаға жеткізді.
"Оларды бірден жансақтау бөліміне жатқызды. 2017 жылы туған қыздың жағдайы өте ауыр болды. Оны жасанды тыныс алдыру аппаратына қосты. Кешкі сағат 20:50-де емдеу шараларына қарамастан, бүлдіршін қайтыс болды. Екінші қыздың жағдайы ауыр, тұрақты. Анасы жансақтау бөлімінде жатыр, қазір жағдайы тұрақты, сәл жақсарып келеді", - деп атап өтті Құсайынова.
Оның айтуынша, үйдің отағасы ауруханаға жатудан бас тартты.
"Анасы ауруханаға түскенде пицца, колбаса мен дүкен тұшпарасын жегенін айтты. Одан кейін Cola ішкен", - деді Құсайнова.
Басқарма басшысының орынбасары уланудың алдын ала себебін де айтты.
"Өлімнің алдын ала себебі – уытты тамақ инфекциясы, инфекциялық уытты шок, мидің ісінуі. Барлық метериал – тамақтың қалдықтары мен құсық массасы бактериологиялық зерттеуге жіберілді, барлық уытты инфекцияның бар-жоғы да тексеріледі. Ондай улану тамақтан болуы мүмкін", - деп атап көрсетті Құсайынова.
Қазіргі кезде арнайы комиссия құрылды. Қызметтік тексеріс те басталып кетті. Медбикенің жұмысына баға беріледі. Ал полиция тергеу шараларына кірісті.