"Бір сағат жүріп келдік": Астанада көлік кептелісінен тұрғындар жұмысқа кешігіп жатыр

Sputnik
АСТАНА, 14 маусым – Sputnik. Астанада көлік кептелісі қалыптасты. Бүгін қала тұрғындары жұмысқа жете алмай, жарты сағатқа, тіпті бір сағатқа кешігіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Астаналық Нұрлан Жақиянов ЭКСПО жақта тұрады. Күнде жұмысқа 70-ші автобусқа мініп, Мәңгілік ел даңғылымен баратын.

"Әдетте жұмысқа қоғамдық көлікпен 30-40 минут жүріп баратынмын. Бүгін 1 сағат 15 минутта әрең жеттім. Кептелістің көкесі Министрліктер үйінің алдында басталды. Бұрын ол жерден тез өтіп кететінбіз. Осы жолы 10-15 метр жүреміз де, 5 минут тұрамыз. Сөйтсек, Достықтың қиылысында полиция ары қарай кептеліс көбеймесін деп, жасыл жанып тұрса да, көліктерді ұстап тұр. Жарайды, одан өттік, Қонаевқа бұрылайық десек, тағы ұзын-сонар кептеліс. Әдетте, ол жерде бағдаршамды ұзақ ұстап, өткізіп жіберетін. Бүгін олай істеген жоқ", - дейді қала тұрғыны.

Автобус 20 минуттан кейін ғана Қонаев көшесіне бұрылды. Бірақ ол жерде де кептеліске тап болды.
"Кеше Сарайшық көшесін жөндеуге жабамыз деп жатқан. Момышұлынан Тұранға дейін деді. Олай істеуге болмайды ғой. Көліктер Ақмешітпен де, Түркістанмен де түсе алмайды. Бәрі Қонаев көшесіне лап берді. Кептеліс жасамай, бөліп-бөліп істеуге болмады ма? Соны түсінбедік", - деп атап көрсетті Жақиянов.
Айта кетері, 13 маусымда қала әкімдігі Сарайшық көшесінің 17 маусым күні таңғы сағат 06:00-ге дейін жабылатынын хабарлаған. Бұған дейін бұл көшенің Түркістаннан Тұран даңғылына дейінгі аралығы бес күнге жабылған. Ал мамыр айында Архар көпірінен Момышұлына дейінгі жолды жөндеген болатын.