АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. Атыраудағы базарлардың бірінде адам өлімімен аяқталған кикілжіңнің себебі анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Жағасына жармасқан жігіттің жұдырығынан қаза болған 56 жастағы Амандық Сағынғалиевтің денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұмның артында қайғы жұтып тұтас әулет, 4 баласы мен 5 немересі қалды.
Марқұмның қызы алғашқылардың бірі болып оқиға болған жерге барған. Ол "әкемді жедел жәрдем көлігіне отырғызып жатқанда, соққыға жыққан адам әлі балағат сөз айтып жатқан" дейді. Ал артынан келген туыстарына күдікті төбелестің мүлдем басқаша өрбігенін айтыпты. "Сөзге келіп қалып, бір-ақ рет ұрдым. Марқұм өзі құлап, басын соғып алды", деп ақталды.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан марқұмның бір емес, бірнеше рет соққы алғаны анық көрініп тұр.
Куәгерлердің айтуынша, сол күні марқұм жұдырық сілтеген ер адамның көлігін сырып кеткен. Кикілжің содан басталған. Марқұмның туыстары Амандық Сағынғалиевтің жан баласын ренжітпейтін, абыройлы тұлға болғанын айтып отыр.
"Амандақ ағамыз – елге қызмет қылған ауылымыздың сыйлы азаматы. Елдің алғысын арқалаған, жақсылықтың жаршысы, ақкөңіл, адамды ренжітпек түгілі, жәндікке зияны тимейтін. Ол кісі қолынан қаза тауып, ауылымыздың қабырғасын қайыстырды. Отбасына Алла сабыр берсін дегім келеді", – дейді туысы Ләззат Тастаева.
Полиция денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, адам өліміне алып келу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 8 жылға дейін сотталуы мүмкін.