АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. Жетісу облысында қант қызылшасы алқабын үш есе ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Биылдың өзінде облыста 12,6 мың га жерге қант қызылшасы егілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,6 мың гектарға артық. 2026 жылға қарай егістік алқаптарын 15 мың га дейін жеткізу жоспарланған, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 3,6 есе артық.
"Бүгінгі таңда құнарлы жерлерімен танымал аймақ егіс алқаптарын белсенді түрде кеңейтуде. Мұнда көктемгі егіс жұмыстары толық аяқталды: 432,5 мың га жаздық дақылдар, 309,3 мың га дәнді дақылдар, 90,4 мың га майлы дақылдар, 12,6 мың га қант қызылшасы және басқа да дақылдар егілді", - деп жазылған хабарламада.
Жалпы биыл облыста 2 млн тонна өнім жинау жоспарлануда. Оның ішінде тек қант қызылшасы – 550 мың тонна (2023 жылы – 370 мың тонна).
Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу 109 мың га алаңда жоспарланған. Италиялық прусқа қарсы 21,6 мың га өңделді. Өідеу жұмысына 17 бірлік жерүсті техникасы және ауыл шаруашылығы авиациясының 4 ұшағы тартылған. Аумақты зерттеумен 136 ерікті және 76 маман айналысып жатыр.
Вице-премьер Серік Жұманғарин Серік Жұманғарин қант қызылшасы егілген "Хильниченко және К" коммандиттік серіктестігінің (КС) егіс алқабын тексерді. Кәсіпорын дәнді және бұршақты дақылдарды өсіруге маманданған, мал шаруашылығымен айналысады.
Өңделетін жердің жалпы ауданы – 11 000 гектар, оның 264 гектары – суармалы учаскелер. Негізгі дақылдар: қант қызылшасы, соя, дәнді және жемшөп дақылдары.
КС басқарма төрағасының орынбасары Александр Хильниченконың айтуынша, мемлекет қолдауының арқасында олар қызылша саласын іс жүзінде қайта дамытуға қол жеткізе алды.
"Былтыр облыс бойынша орташа өнім гектарына 450 центнер қант қызылшасы болса, біздің шаруашылықта өнімділік гектарына 700 центнерді құрады. Биыл біздің шаруашылық қант қызылшасының егіс алқабын тағы 100 гектарға ұлғайтты. Біз өткен жылдан кем емес өнім аламыз деп күтіп отырмыз", – дейді фермер.
Серік Жұманғарин егістік басында өңірдің аграршыларымен кездесіп, оларға ауыл шаруашылығындағы мемлекетті қолдау шаралары туралы баяндады. Атап айтқанда, қант қызылшасын өндіруді қолдау жөнінде тоқталды.
"Бүгінде қызылша өсіру өте тиімді. Өткен жылы біз қант қызылшасы тұқымын субсидиялау нормативтерін және өңдеуге тапсырылған қызылша көлемі үшін килограмына 15 теңгеден 25 теңгеге дейін арттырдық. Зауыттар сатып алу бағасын 15 теңгеге дейін көтерді. Осылайша, бір тонна қант қызылшасының жалпы құны 40 мың теңгені құрады. Гектарына 500 центнер өнімділікпен фермердің табысы шамамен 2 млн теңгені құрайды. Бүгінде қызылша – ең жоғары маржиналды дақыл", — деп атап өтті вице-премьер.