ҚТЖ Жоғарғы аудиторлық палатаның сынына жауап берді

Қазіргі уақытта ҚТЖ номиналды қарызы 2,9 трлн теңге, оның 30% шетел валютасында
Sputnik
АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы Жоғарғы аудиторлық палата басшысы Әлихан Смайыловтың компанияның дефолтқа ұшырау алдында тұрғанына қатысты мәлімдемесіне жауап берді.
Компания мәліметінше, қазіргі уақытта ҚТЖ номиналды қарызы 2,9 трлн теңге, оның 30% шетел валютасында.
"Компанияның өндірістік және қаржылық көрсеткіштері жыл сайын жақсарып келеді. Үш жыл ішінде компанияның кірісі 2021 жылғы 1,3 трлн теңгеден 2023 жылы 2 трлн теңгеге дейін көтеріліп, тұрақты серпін көрсетуде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша пайда 134 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылдан 4 есе көп. Бұл компанияның соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіші. Бұл ретте компания кредиттер бойынша барлық міндеттемелерін уақытылы орындауда", - делінген ҚТЖ таратқан ақпаратта.
Ұлттық компания мәліметінше, ҚТЖ-ның тұрақты қаржылық жағдайы халықаралық рейтингтік агенттіктердің кредиттік рейтингтерінің деңгейімен және компанияға кредиттік қаражат пен кепілдіктер беретін халықаралық қаржы институттары (Moody ' s Investors Service – "Baa3" кредиттік рейтингі, "Тұрақты" болжамы; FitchRatings – "BBB -" кредиттік рейтингі, "Тұрақты" болжамы; S&P - "BB" кредиттік рейтингі, "Тұрақты" болжамы; Moody ' s ESG Solutions-ESG рейтингі-А2, 57 балл) тарапынан сенім білдіріліп расталып отыр.
"Қазіргі уақытта компания Үкіметпен және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-мен бірлесіп, борыш деңгейін төмендету және инфрақұрылым мен жылжымалы құрамға инвестициялардың жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету үшін реттелетін тарифтерді біртіндеп арттыру және транзиттік кірістерді ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде", - деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Түбегейлі өзгеріс жасалмаса, "Қазақстан темір жолы" АҚ дефолтқа ұшырайды, деп мәлімдеді Жоғарғы аудиторлық палата басшысы Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалған.