Достық, өзара көмек: Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас қалай дамып жатыр

Осы жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 32 жыл толады
Sputnik
АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. Дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы бері 32 жылға жуық уақыт ішінде қол қойылған 400-ден астам келісімшарт пен келісім әлемдегі құрлықтағы ең ұзын шекарасы бар мемлекеттер – Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты реттейді. Sputnik Қазақстан екі ел арасындағы қарым-қатынастың қалай дамып жатқаны туралы материал ұсынады.

Одақтастық пен тату көршілік рухында

Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 22 қазанда орнатылды және содан бері отыз жылдан астам уақыт ішінде бұл қарым-қатынас тек нығая түсті. 1992 жылы қол қойылған Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт, 1998 жылғы ХХІ ғасырға бағытталған Мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларация және 2013 жылы мемлекет басшылары қол қойған Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шарт екіжақты ынтымақтастықтың негізгі құжаттары болды.
Бүгінде Қазақстан мен Ресей бірге бірқатар мемлекетаралық бірлестікке мүше. Олардың қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы және тағы басқалары бар. Бұл ұйымдарда жұмыс істеу мемлекеттерге ең жоғары деңгейде өзара іс-қимыл жасауға және туындайтын мәселелерді бірлесіп шешуге, сондай-ақ қазіргі заманның барлық сын-қатеріне тез жауап беруге мүмкіндік береді. Қазақстан мен Ресей президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық әріптестік деңгейіне әлдеқашан жеткенін бірнеше рет мәлімдеген.
"Мемлекеттеріміздің ынтымақтастығына келетін болсақ, ол табысты дамып келеді және көп қырлы. Бұл, ең алдымен, стратегиялық сипаттағы ынтымақтастық және біздің мемлекеттеріміздің түрлі салалардағы одақтастық қатынастарының сипаты", - деді Тоқаев.
Владимир Путин екі ел арасындағы ынтымақтастық пен серіктестік туралы бірнеше рет айтқан. Оның пікірінше 30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіне көтеріліп, қарқынды дамып келеді.
"Ресей мен Қазақстан арасындағы серіктестік бүгінде ерекше артықшылықтарға ие және ол өзара құрмет, егемендік, аумақтық тұтастық және ішкі істерге араласпау қағидаттарына негізделген. Мұны біздің елдер арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін құжаттардың кең базасы растайды", - деді Ресей президенті.

Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық

Қазақстан мен Ресей экономикалық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөледі, сондықтан тауар айналымының көлемі жыл сайын артып жатыр. Айта кетері, Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінде Ресей 91,8%-ды құрайды.
Қазақстан Ресейге экспорттайтын тауарлардың ішінде машиналар мен жабдықтар, химия өнімдері, металдар мен металл бұйымдары болса, Қазақстанның Ресейден импорты негізінен азық-түлік өнімдері, минералды өнімдер, химия өнімдері мен ағаштан тұрады.
Сондай-ақ Қазақстан Ресейден импорттайтын тауарлардың ішінде тыңайтқыштар мен ауылшаруашылық жабдықтары, шоколад, жууға арналған заттар, табиғи газ, вагондар мен теміржол локомотивтерінің бөлшектері бар. Өзара есеп айырысуда елдер негізінен ұлттық валюталарды пайдаланады.
Сондай-ақ ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасына инвестицияланған қаражат көлемі бойынша негізгі инвесторлар арасында бесінші орынды иеленетінін айта кеткен жөн. Соңғы 17 жылда Ресейден Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 19 миллиард долларға жетті. Бұл ретте Қазақстанның Ресейге салған инвестициясы 5,6 миллиард доллардан астам қаражатты құрады.
Қазақстан мен Ресей өнеркәсіп саласында құны 22 миллиард доллардан асатын 100-ден астам жобаны бірлесіп жүзеге асыруда. Екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі саласы отын-энергетика кешені болып саналады. 2023 жылдың соңында елдер арасында Қазақстанның солтүстік-шығысында, яғни Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр станцияларын салу туралы келісімге қол қойылды.

Көшбасшылардың екіжақты кездесулері

Бір ғана 2023 жылдың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі рет кездесті: қазанда Ресейде және қарашада Астанада.
Қазан айында мемлекет басшылары Ресей газының Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына транзитінің ашылу салтанатына қатысып, одан кейін келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында мемлекет басшылары екі елдің стратегиялық серіктестігінің қазіргі жағдайы мен одан әрі нығайту келешегін талқылады, сондай-ақ сауда-экономикалық, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалардағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын айтты.
Владимир Путин келіссөздерге оң баға берді.
"Бізде үлкен бірлескен жұмыс көлемі бар. Барлық салада жағдай өте оңды дамып келеді. Осы үшін сізге алғыс айтамын", – деді ол Қазақстан президентіне арнаған сөзінде.
2023 жылдың 9 қарашасында мемлекет басшылары Астанада Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, өңірлік платформалардағы өзара іс-қимыл келешегін және халықаралық проблемаларды талқылады.
Форум қорытындысы бойынша 100 миллиард долларды құрайтын келісімдер мен меморандумдар дайындалып, үш жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Елдер арасындағы ынтымақтастықтың бағыттары әртүрлі: спорт, ауыл шаруашылығы, энергетика, кеден және БАҚ. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Мәскеу көлік қатынасын кеңейту туралы келісімге келген.
Келіссөздерді қорытындылай келе, мемлекет басшылары қарым-қатынастардың тату көршілік сипатын бірнеше рет атады.
"Жұмыс көп, нәтиже оң болатыны сөзсіз. Сіздің біздің елге сапарыңыз тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына он жыл толуы қарсаңында болып отыр. Біз одақтас және стратегиялық серіктеспіз, біздің арамызда ауқымды проблемалар жоқ", - деді Тоқаев.
"Келіссөздер іскерлік және сындарлы сипатта өтті. Жан-жақты стратегиялық әріптестікке қол жеткізу міндеті алға қойылды", - деді Владимир Путин.
Мемлекет басшыларының келесі кездесуі 3-4 шілдеде Астанада, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында өтеді деп жоспарланған.
"Біз барлық дерлік вектор бойынша өте өнімді бірлескен жұмыстарды атқарып жатырмыз. Соның ішінде осы салалардағы өзара іс-қимылымызды қолдайтын президент Тоқаевтың арқасында жүзеге асып отыр. Жақында Астанаға барамыз. Онда ШЫҰ және басқа да шаралар болады. Менің шақыруым бар, әрине, мен оны пайдаланамын", — деді Владимир Путин.
Қазақстан мен Ресей әуе рейстерінің санын көбейтеді