АСТАНА, 11 маусым – Sputnik. Батыс елдерінің қысымына қарамастан, Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында қатысушылардың саны рекордтық көрсеткішке жетті.
Олардың қатарында мемлекет басшылары мен шетелдік жоғары лауазымды тұлғалар, халықаралық ұйымдар мен бірлестіктердің басшылары, сыртқы істер министрлері, шет аймақтар мен қалалардың басшылары, сондай-ақ бизнес өкілдері бар.
Ең көп делегация Қытай (192 қатысушы), БАӘ (105), Зимбабве (86), Қазақстан (84), Үндістан (80) және Оманнан (75) барды.
Биыл форумда қонақ-ел құрметті мәртебесі Оман Сұлтанына тиесілі болды. Бұл мемлекет форумға қатысуын мемлекетаралық ынтымақтастықтың келешегі бар өнеркәсіп, энергетика, туризм, ғылым және технология, логистика және азық-түлік қауіпсіздігі салалары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін зерделеу ұранымен жүзеге асырды. Оман делегациясын бизнесмендер, дипломаттар, шенеуніктер құрады.
Іскерлік бағдарлама аясында форумның салалық және тақырыптық алаңдарында 380-нен астам іс-шара өткізілді. Спикерлер, сарапшылар және сессия модераторлары ретінде мыңнан астам адам қатысты. Іс-шараларда технологиялық егемендік, цифрлық трансформация, туризмді, технологияны дамыту, халықаралық қаржы операцияларының тәуелсіз жүйесін құру, келешегі зор көлік дәліздері және тағы басқа процестер талқыланды.
Форум бағдарламасында халықаралық ынтымақтастық маңызды орын алды. Форум алаңында "Су алтыннан да қымбат" Ресей-Африка конференциясы, ЕАЭО-АСЕАН сессиясы, Әзербайжан, Бразилия, Венесуэла, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Оман, Оңтүстік Африка Республикасы, Африка мен Латын Америкасы елдері және басқа да елдердің өкілдерімен іскерлік диалогтар секілді іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бірлестіктің жоспарлы кеңеюіне байланысты БРИКС елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясындағы іскерлік әріптестікті, оның ішінде көлік, энергетика және жасыл экономика салаларын дамыту келешегіне жеке талқылаулар алаңы арналды.
Ресей президенті Владимир Путин, Боливия президенті Луис Альберто Арсе Катакора және Зимбабве президенті Эммерсон Дамбудзо Мнангагва сөз сөйлеген пленарлық отырыс форумның басты оқиғасы болды.
Владимир Путин өз сөзінде үкімет тарапынан белсенді түрде қолдау көрсетілетін құрылымдық өзгерістерге тоқталды, Ресей экономикасының жетістіктері мен елдегі және әлемдегі болып жатқан проблемаларды атап, сондай-ақ БРИКС шеңберіндегі ынтымақтастықты айта келе геосаяси мәселелердің кең ауқымына тоқталды.
Форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы 6,492 триллион рубльді немесе шамамен 73 миллиард долларды құрайтын 1073 келісімге қол қойылды (сомасы коммерциялық құпия болып табылатын келісімдерді қоспағанда).
Жасалған келісімдердің ең көп саны өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы (251), өнеркәсіп және құрылыс (241), сондай-ақ жоғары технологиялар және телекоммуникациялар (106) сияқты салаларда тіркелді.
Форумды ұйымдастырушы – Ресей конгресі ресейлік және шетелдік БАҚ тарапынан бұрын-соңды болмаған қызығушылық болғанын айтты: форум іс-шаралары туралы 34 елден 4,2 мыңнан астам журналист ақпарат таратқан.