Қостанайда терроризмді насихаттаған радикал ұсталды

30 жастағы қостанайлық ер адам діни себептермен зорлық-зомбылыққа шақыратын материалдарды таратқан
Sputnik
АСТАНА, 11 маусым – Sputnik. Қостанайда полицейлер радикалды діни идеологияны қолдайтындарды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы терроризмді насихаттағаны үшін 12 жылға, ал діни араздықты қоздырғаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - делінген хабарламада.
Қостанайлық экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде 30 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
"Ол радикалды діни идеологияны ұстана отырып, өз ортасы мен әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін кемсітетін және діни негіздегі зорлық-зомбылыққа шақыратын материалдарды таратқан", - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Сәбит Ибраемов.
Ол сондай-ақ бұл факті бойынша полицияның сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады.
Күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.