"Атлетико Мадрид" клубының президенті Тоқаевқа жейде сыйлады

Sputnik
АСТАНА, 11 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Атлетико Мадрид" футбол клубының президенті Энрике Сересо Торресті қабылдады, деп хабарлады Aқорда.
Кездесу кезінде мемлекет басшысына "Атлетико Мадрид" футбол академиясын ашу жобасы таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев футболды дамытуға бағытталған бұл бастамаға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін ерекше атап өтті. Ал Энрике Сересо Торрес "Атлетико Мадрид" футбол академиясы әлемнің көптеген елінде ашылғанын жеткізді
Академияда дарынды футболшыларды тәрбиелеумен қатар, оларды әлемдік футбол лигаларына шығару үшін үздік тәжірибелерді енгізуге, жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің біліктілігін арттыруға басымдық беріледі.
"Атлетико Мадрид" футбол академиясы Алматы облысы, Талғар қаласындағы "Akbulak" олимпиада орталығының базасында құрылмақ.
Кездесу соңында Энрике Сересо Торрес Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Атлетико Мадрид" ойыншыларының қолтаңбасы қойылған жейде сыйлады.
Қазіргі кезде Қазақстандағы спорт мектептерінде, футбол секцияларында 40 мыңға жуық бала жаттығады. Сондай-ақ инфрақұрылым жақсартылып, жаңа стадиондар салынып жатыр.