Жеңістің 80 жылдығы: ардагерлерге 100 мың теңге көлемінде қосымша көмек көрсетіледі

Светлана Жақыпова ардагерлерді қолдау және өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне арналған пленумға қатысты
Sputnik
АСТАНА, 10 маусым – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ведомство Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейтінін мәлімдеді.
Ал жергілікті атқарушы органдарға ұқсас өңірлік жоспарларды әзірлеу қажеттілігі туралы хаттар жіберіледі.

"2025 жылы республикалық бюджеттен ҰОС ардагерлеріне және ҰОС жеңісіне үлес қосқан азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті бюджеттерден жыл сайынғы әлеуметтік көмектен бөлек, 100 мың теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай көмек төлеу мүмкіндігін қарастыру жоспарлануда", - деді министр.

Министрлік жаңа бастама ретінде басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлеріне, жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және басқа да санаттарға теңестірілген ардагерлерге ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін арттыру мәселесін қарастыруда.
Айта кетері, бүгінгі күні Қазақстанда 142 ҰОС ардагері тұрады. Оларға ай сайын 16 АЕК немесе 59 072 теңге мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Қолданыстағы заңнама бойынша ардагерлер үшін салық салу бойынша жеңілдіктер, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда басым қызмет көрсету және кезектен тыс емдеуге жатқызу және т. б. көзделген.
"Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жекелеген өңірлерде коммуналдық қызметтерге, санаторийлік-курорттық емделуге, сондай-ақ қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктеріне төленетін әлеуметтік көмек ай сайын төленеді", – деді Светлана Жақыпова.
Ол сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетілетінін, ал тұрғын үй заңнамасына сәйкес оларға бірінші кезекте тұрғын үй берілетінін атап өтті.
Сондай-ақ 9 мамырға дейін жыл сайынғы біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2023 және 2024 жылдары төлемдер мөлшері жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктеріне байланысты 1,5 млн теңгеден жоғары болды.