Қазақстан мен Ресей әуе рейстерінің санын көбейтеді

Sputnik
АСТАНА, 10 маусым – Sputnik. Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары Виталий Савельевпен кездесті.
Тараптар теміржол және автомобиль көлігі, азаматтық авиация, оның ішінде жолаушылар және жүк тасымалы, жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту салаларындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін растады.
"Қазақстан мен Ресейдің ірі қалалары арасындағы іскерлік және туристік трафиктің өсіп келе жатқанын ескере отырып, әуе рейстерінің санын ұлғайту перспективалары талқыланды", - деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Роман Скляр шекара маңындағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Бұл ретте ол бірлескен күш-жігерді үндестірудің, оның ішінде Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Ресейден Солтүстік – Оңтүстік бағыттары бойынша Қазақстан аумағы арқылы Парсы шығанағы порттарына халықаралық транзитті ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.
Осыған байланысты тараптар теміржол жүк тасымалдарына тариф белгілеу мәселелерінде келісілген іс-қимылдардың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Ресей шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінің жұмысын бірлесіп тексеруге келісті.