АСТАНА, 10 маусым – Sputnik. Бағдат Мусин "Қазақтелеком" АҚ басқармасының төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлады "Самұрық-Қазына" АҚ баспасөз қызметі.
Бағдат Мусин
© Sputnik / Владислав Воднев
"Самұрық-Қазына" АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұрынғы басшысы Бағдат Мусин "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Компанияның бұрынғы басшысы Қуанышбек Есекеев мемлекет басшысының кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Ол еліміздегі ең ірі телекоммуникациялық компанияны 14 жылдан астам уақыт басқарды.
Бағдат Мусин туралы не білеміз
Бағдат Мусин 2004 жылы Сүлеймен Демирел атындағы университетті "Есептеу техникасын бағдарламалық және техникалық қамтамасыз ету" мамандығы бойынша бітірді. 2006 жылы Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын заңгер мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 2004 жылы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-да бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі бас инженер болып бастады.
2007 жылдан 2020 жылға дейін Әділет министрлігінде, Байланыс және ақпарат министрлігінде, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы президентінің Қазақстан Республикасы цифрландыру және инновациялық технологиялар бойынша кеңесшісі болды. Басқа да мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқарды.
Кейінгі бірнеше жылда – 2020 жылдан 2024 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарды. Сонымен қатар жеке компанияларда, оның ішінде корпоративтік венчурлық қорлардың басшысы болды.
2014-2016 жылдар аралығында Бағдат Мусин "Қазпошта" компаниясын басқарды.