АСТАНА, 10 маусым – Sputnik. Қарағанды облысындаадамдарды қорқыту арқылы 14 пәтерді заңсыз рәсімдеп алған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Қылмыстық топтың құрамында заңгерлер, адвокаттар және нотариус болған. Олар қорқыту және зорлық-зомбылық көрсету арқылы зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі адамдардың және алкоголь мен есірткіге тәуелді адамдардың мүліктері мен пәтерлерін заңсыз рәсімдеумен айналысқан.
"Осылайша 14 пәтерді заңсыз рәсімдеген. Қылмыстық топтың белсенді бір мүшесі деструктивті діни ағымның жақтаушысы болып шықты", - дейді полицейлер.
Тінту кезінде әртүрлі жылжымайтын мүлік пен жеке тұлғалардың көптеген құжаттары тәркіленді. Қылмыстық топтың 28 мүшесі ұсталды. Олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Айта кетері, тергеу аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша жүргізіліп жатыр. Осы қылмыс үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.