АСТАНА, 8 маусым – Sputnik. 10 маусымда Қазақстан мен Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттері жұмыс істемейді, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
"Мемлекеттік кірістер комитеті ҚХР-да 10 маусымда "Айдаһар қайықтары" мерекесінің аталып өтуіне байланысты Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттерінде адамдарды, көліктерді және жүктерді өткізу жүзеге асырылмайтынын хабарлайды", - делінген хабарламада.
Ал Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері әдеттегідей жұмысын жалғастырады.
Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушылар мен шекарадан өткісі келетіндердің барлығын енгізілген шектеулерді ескере отырып, өз бағытын алдын ала жоспарлауға шақырды.