АСТАНА, 7 маусым – Sputnik. Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 114 мың рет тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 110 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
ҰБТ басталғалы шекті балды 75% талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 68 балды құрады. Ең жоғары балл – 138, оны Түркістан облысының талапкері жинады.
Тестілеу аяқталғаннан кейін әрбір талапкер қандай тақырыптар бойынша қателіктер жібергенін көріп, тақырыптық талдау алады.
"Үш аптаның қорытындысы бойынша "Оқу сауаттылығы" пәнін ең жақсы тапсырды. Орташа есеппен сұрақтардың 75%-ына дұрыс жауап берілген. Ал "Физиканы" тапсырған талапкерлер тек 36% тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін "Механикалық толқындар" тақырыбы қиын болды", - деп жазылған хабарламада.
Осылайша ҰБТ нәтижелері бойынша тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжей талдау да қолжетімді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға үш аптаның ішінде 387 талапкер қатысты.
Бүгінгі таңда 207 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 152 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 50 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 5 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.