Білім

ҰБТ-дан өте алмағандар грантқа қайда түсе алады

Биыл ҰБТ-ның шекті баллдары өзгерген жоқ
Sputnik
АСТАНА, 7 маусым – Sputnik. Биыл республика бойынша 186 мыңнан астам адам мектеп бітірді. Барлығы дерлік негізгі ҰБТ-дан бағын сынауға шешім қабылдады. Ал гранттардың саны екі есе аз болып тұр. Сондықтан 100 мыңнан астам түлек грантсыз қалады. Дегенмен ұлттық бірыңғау тестілеуден аз балл жинап, грант ала алмаған жағдайда тегін оқуға түсуге болады. Sputnik Қазақстан ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарласып, ҰБТ нәтижесіне қарамай, тегін оқуға қалай түсуге болатынын білді.

Шекті балды жинау керек

Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбайдың айтуынша, ҰБТ-дан міндетті түрде шекті балл жинау керек. Сонда ғана тегін оқуға түсуге мүмкіндік бар. Ал шекті балл алмаған түлектер ақылы оқуға да түсе алмайды.
Биыл шекті баллдар өзгерген жоқ. Олар:
ауыл шаруашылығы, биоресурстар мен ветеринария салалары бойынша – 60 балл;
медицина бойынша – 70 балл;
құқық және педагогикалық ғылымдар бойынша – 75 балл;
ұлттық университеттерге – 65 балл;
қалған жоғары оқу орындарына – 50 балл.
"ҰБТ толығымен аяқталғаннан кейін 13-20 шілде аралығында грант конкурсына құжат қабылданады. Ал су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде 24-шілдеге дейін жалғасады. Ал тамыз айының басында грант конкурсының нәтижесі жарияланады. Әрине, сол кезде грантқа іліне алмай қалған түлектер болады. Олар үшін тегін оқуға түсуге басқа да мүмкіндіктер болады", - деді Емелбай Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Әкімдік гранттары

Жергілікті әкімдіктер жыл сайын әрбір өңірдің қажеттілігіне қарай өз гранттарын ұсынады. Оған да конкурс жарияланады.
"Әкімдіктер шарттарын да өздері белгілейді. Бірақ көп жағдайда әкімдік гранттары ҰБТ-ның нәтижесі бойынша жалпы республикалық конкурстың нәтижесі жарияланғаннан кейін ғана таратылады", - дейді министрдің кеңесшісі.
Мәселен, былтыр Астана қаласының әкімдігі педагогикалық мамандықтар бойынша 1 028 грант бекіткен. Негізгі мамандықтар: дене шынықтыру, шет тілі, география, тарих, педагогика және психология математика, информатика, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия, биология. Сондай-ақ, гуманитарлық пәндер исламтану, дінтану мен теология бойынша гранттар бөлінді. Ал конкурсқа шекті 75 балл жинаған талапкерлер құжат тапсырады.

Астанаға мыңдаған мұғалім керек

Мадина Темірбаева төрт жыл бұрын әкімдік грантын ұтып алған. Оның айтуынша, ҰБТ-дан кейін грантқа түсе алмай қиналған. Ата-анасының да көңілі түсіп қалған. Ал оған кейбір адамдар тезірек тұрмысқа шығуға кеңес берген.
"Иә, сол кезде өте ауыр болды. Ата-ананың үмітін ақтамағаннан кейін неше түрлі ойлар келді. Бірақ тығырықтан шығатын жол табылды. Мен әкімдік гранттары туралы естідім. Содан бірден конкурсқа құжат тапсырдым. Бүгінде Астанада мұғалімдер тапшылығы бар. Сол себепті жыл сайын қажетті мамандықтарға грант бөлінеді екен. Мен өзім жақсы көретін химияны таңдадым. Сөйтіп, әкімдік грантына ие болдым. Биыл оқуымды бітіріп, диплом аламын", - дейді Мадина.
Жақында Астана қаласының әкімі тағы педагогтардың тапшылығы туралы айтты. Қасымбектің сөзіне қарағанда, қалада жыл сайын жаңа мектептер салынады. Ал білім беру ұйымдарын қажетті маманмен қамтамасыз ету оңай емес. Мәселен, 20 мектеп үшін кем дегенде 3 500 мұғалім керек.

"Қазақстан халқына" қоры грант бөледі

Биыл "Қазақстан халқына" қоры білім беру гранттары бойынша қайырымдылық бағдарламасын жалғастырады.
"Алдымен талапкерлер ҰБТ тапсырып, мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуы керек. Осыдан кейін ғана қор гранттарына өтініш қабылданады. Ал шарттарын әлеуметтік желіде және ресми сайтымызда жариялаймыз", - деді қор мамандары Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Былтыр қор 850 білім грантын бөлген. Сол кезде өтініш тапсыра алатын азаматтардың нақты санаттары да болған.
Олар:
ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылар;
жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
мүгедектігі бар азаматтар;
мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының балалары;
2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар;
төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен Қазақстан Республикасының қаза тапқан азаматтарының балалары.

Ақылы бөлімнен грантқа ауысуға болады

Руслан Емелбайдың айтуынша, ақылы бөлімге барған талапкерлер де артынан грантқа ие бола алады.
"Иә, ақылы бөлімге түскен балалар да грантқа ауысып жатады. Ол үшін білім көрсеткіштері өте жақсы болуы керек. Бүгінде әрбір университеттің ішкі гранттары болады. Соған ауысуға мүмкіндік бар", - дейді Емелбай.
Биыл дифференциалды гранттар бойынша пилоттық жоба да басталды.
"Соның аясында 300-ге жуық сараланған грант бөлінді. Басым бөлігі педагогикалық мамандықтарға және журналистикаға бөлінді. Әзірше, бұл бастама пилоттық жоба ретінде қолға алынып отыр", - деп атап көрсетті министрдің кеңесшісі.

Әскерден кейін оқуға тегін түсуге болады

Қазақстанда жыл сайын мерзімді әскери қызметті атқарып келген 3 мың адам жоғары оқуға тегін түседі. Ол үшін арнайы комиссия құрылды. Ал байқауға қатысатын сарбаздар бәрін онлайн режимде көріп отырды. Биыл жаңа заң қабылданғаннан кейін қосымша артықшылықтар да болады.
Осы жылдың күзінен бастап мерзімді әскери қызмет кезеңінде көзге түскен жастар тегін білім алуға мемлекеттік грант алып қана қоймай, шәкіртақы да алады. Бұдан бөлек, бірінші оқу жылы ішінде жоғары оқу орындарының жатақханасынан міндетті түрде орын бөлінеді.
Биыл Қарулы күштер, ұлттық ұлан мен төтенше жағдайлар министрлігінің қатарында қызмет еткен 16 630 сарбаздың 10 268-і жеңілдікпен жоғары білім алуға шешім қабылдады. Былтыр көктемде әскерге шақырылған сарбаздар тегін оқуға түсті. Енді биыл күзгі шақырылымның сарбаздары арасында 1,5 мың орын таратылады.
Бүгінде қорғаныс министрлігінің бастамасымен "Срочники 2.0" цифрлық платформасы әзірленді. Сол жерде сарбаздардың жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлығына баға қойылады. Осылайша, іріктеу ашық жүргізіледі. Ал тегін орындар әрбір сарбаздың бағасына қарай автоматты түрде таратылады.