Мәскеу облысында Қазақстан, Қытай және Ресей жаңа көлік-логистикалық хаб салады

Логистика және терминалдық қызмет бойынша көрсетілетін қызметтердің спектрі кеңейтіледі, жеткізу мерзімі қысқарады
Sputnik
АСТАНА, 7 маусым – Sputnik. Қазақстан, Қытай және Ресей 2025 жылы Мәскеу облысында жаңа көлік-логистикалық хаб салады. Орталықты дамыту туралы келісімге "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев және "ҚТЖ" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев қол қойды.
Бұл келісімге XXVII Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумы аясында қол қойылды.
"Мұндай маңызды жобаны салу - қазақстандық жүк жөнелтушілерді қоса алғанда, жүктерді ауыстырып тиеу және өңдеу жағынан бірқатар артықшылықтар әкеледі", - делінген "Самұрық-Қазына" АҚ хабарламасында.
Логистика және терминалдық қызмет бойынша көрсетілетін қызметтердің спектрі кеңейтіледі, жеткізу мерзімі қысқарады.
Орталықты құру жобасына қытайлық логистикалық Xian Free Trade Port Construction and Operation Co.,Ltd. компаниясы да қатысады. Ресей мен Қытай Қазақстанның, соның ішінде экспорт бойынша стратегиялық әріптестері саналады. Негізгі логистикалық торап Сиандағы, Ресейдегі және басқа елдердегі қазақ-қытай терминалы арасындағы тікелей көлік қатынасын дамытуға мүмкіндік береді.