Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге үндеу жасады

Ақтөбе облысында Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, аударылып кетті
Sputnik
АСТАНА, 7 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысындағы жантүршігерлік апаттан кейін кезекті рет жүргізушілерге үндеу жасады, деп хабарлады Polisia.kz.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңіспаев жүргізушілер көбінесе жол ережесін елемейтінін мәлімдеді.
"Жылдамдық режимін сақтамайды. Қарсы жолға шығып кетіп жатады. Мысалы, 5 маусымда Ақтөбе облысында Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, аударылып кетті", - деп атап өтті ол.
Апатқа дейін оны полиция қызметкерлері тоқтатып, жол ережесін сақтау қажеттігін ескерткен.
"Оқиға салдарынан төрт адам қаза тапты. Жүргізушілерді тағы да жолда сақ болуға шақырамын!", – деп түйіндеді Кеңіспаев.
Айта кетері, полиция жол апаттарын болдырмау, жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу бойынша тұрақты түрде түсіндіру және профилактика жұмыстарын жүргізеді. Осы мақсатта күн сайын трассаларда шамамен 1,5 мың патрульдік полицей қызмет етеді. Экипаждар 50 шақырым сайын орналастырылған.