Жетісу облысында әкім жауапқа тартылды

Тексеріс кезінде 120 гектар жердің шаруа қожалықтарына конкурссыз берілгені анықталды
Sputnik
АСТАНА, 6 маусым – Sputnik. Ескелді ауданының әкімі жер заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Прокурорлық тексеріс кезінде 120 гектар жердің шаруа қожалықтарына конкурссыз берілгені анықталды.
"Ескелді ауданының әкімі жер заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 137-бабы бойынша 30 айлық есептік көрсеткіш (110 760 теңге) көлемінде айыппұл салынды", - деп жазылған хабарламада.
Қадағалау актісі бойынша жер учаскелері мемлекетке қайтарылды.
Жалпы, жыл басынан бері Жетісу прокурорлары жалпы кадастрлық құны жарты миллиард теңгеден асатын 103 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарды. Бұл жерлер ұзақ уақыт бойы игерілмей, мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан. Сондай-ақ жер учаскелерін беру кезінде заң нормалары бұзылды.