Үш қалада жаңа жылу электр орталығын салу жоспарланып отыр – Сәтқалиев

Қазақстан сондай-ақ Қырғызстан аумағында Қамбарата ГЭС-1 салу жөніндегі жобаға қатысады
Sputnik
АСТАНА, 6 маусым – Sputnik. Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларында жаңа жылу электр орталығын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Санкт-Петербург қаласында XXVII Халықаралық экономикалық форум аясында өткен ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 64-ші отырысында айтты.
Министр бүгінде Қазақстанның энергетикалық жүйесінің алдында қолданыстағы энергия көздерін жаңғырту және жаңаларын салу, өзекті саналатын шығарындыларды азайту технологиялары, Smart Grid және энергия сақтау жүйелерін енгізу бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
"Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан энергетикалық жүйелерін қамтитын Ресейдің энергетикалық жүйесімен және Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесімен қатар жұмыс істейді", - деді Сәтқалиев.
Оның айтуынша, бірыңғай сатып алушы тетігін енгізе отырып, Ресейден электр энергиясын жоспарлы жеткізуді жүзеге асыру мүмкіндігі қамтамасыз етілді, соның арқасында еліміздің электр станцияларына кең ауқымды жөндеу науқанын жүргізуге мүмкіндік туды.
Сәтқалиев ТМД елдерінен келген әріптестеріне Қазақстанда жаңа қуаттарды іске қосу жоспарын әзірлеу және оны жүзеге асыруға көршілес елдердің қатысуы туралы айтып берді.
"Мәселен, Ресей Федерациясымен қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларында жаңа ЖЭО салу жоспарлануда. Қазақстан сондай-ақ Қырғызстан Республикасының аумағында Қамбарата ГЭС-1 салу жөніндегі жобаға қатысады", - деп атап өтті министр.
Ол Қазақстан барлық жаңа стратегиялық бастама мен өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық екенін мәлімдеді.
Отырыс барысында ТМД Электр энергетикалық кеңесі мен Атқару Комитетінің іс-шаралар жоспарының жобалары, ТМД ЭЭЖ жанындағы Үйлестіру кеңесінің жұмысы мақұлданды.
Сонымен қатар қатысушылар ТМД Электр энергетикалық кеңесінің президенті лауазымына Ресей Федерациясының энергетика министрі Сергей Цивилевтің кандидатурасын мақұлдады.