АСТАНА, 6 маусым - Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы полиция департаменті сондай-ақ прокуратурамен бірлесіп, мемлекеттік шекара арқылы аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз өткізбек болған жасақтың жолын кесті.
Жедел іс-шараларды өткізу кезінде Алматы, Астана және Орал қалаларында шетелден есірткі заттарын алған адамдар анықталып, ұсталды. Күдікті топ мүшелері дайындалған есірткіні кейін сатып, өңірлерге жеткізу арқылы халық тұтынатын қарапайым тауар ретінде пайдаға асырмақ болған.
Өткізілген іс-шаралардың нәтижесі бойынша шамамен 60 гр гашиш майы, 700 гр марихуана тәркіленді. Сондай-ақ Алматы қаласында есірткі заттарының белгілері бар өсімдік тектес заттарды өсірумен айналысқан зертхана анықталды, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған төрт адам қамауға алынды.