АСТАНА, 6 маусым - Sputnik. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов "Қазақстанда Tik Tok әлеуметтік желісін бұғаттау қарастырылып жатыр ма?" деген сұраққа жауап берді.
"Бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Бірақ егер заң бұзылса, онлайн платформаларға кіруге шектеу қойылады", - деп жауап берді Ысқақов.
Сондай-ақ вице-министр министрлікте қандай заң бұзушылықтар тіркелетінін айтты. Бұл - жалған ақпараттар, балаларға арналған ақпараттардың мазмұнына қатысты заң бұзушылықтар, сондай-ақ жеке адамдарды қорлау мен жала жабу.
Ысқақов мәдениет және ақпарат министрлігі барлық онлайн-платформа әкімшілерімен жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
Бұған дейін ведомство басшысы Аида Балаева Қазақстанда әлеуметтік желіні бұғаттау мәселесі қарастырылуы мүмкін екенін айтқан болатын.