Парламентте Кентау тұрғындарына 20 проценттік үстемақы төлеу мәселесі көтерілді

Депутат бұл мақсатқа республикалық бюджеттен жыл сайын 6 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлуді ұсынды
Sputnik
АСТАНА, 6 маусым – Sputnik. Сенаттың бір топ депутаты Кентау қаласын және оған іргелес елді мекендерді экологиялық дағдарыс аймағына енгізіп, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге 20 проценттік үстемақы төлеуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенатор Мұрат Қадырбектің айтуынша, Кентау қаласын Аралға жақын экологиялық дағдарыс аймағы ретінде айқындау мәселесі 2016 жылдан бері айтылып келеді. Биыл жергілікті мәслихат депутаттары да осы проблеманы көтерді.
Бұған дейін энергетика министрлігінің бұйрығымен Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің аумағын төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала аймақтары ретінде айқындау мәселесін зерттейтін арнайы комиссия да құрылған болатын. Артынан қоршаған ортаның жай-күйі мен тұрғындардың денсаулығын кешенді бағалау бағдарламасын әзірлеуге шешім қабылданды. 2019-2020 жылдары республикалық бюджеттен осы мақсатта 633 миллион теңге бөлінді.
"Сол кезде "Экосервис-С" компаниясы тарапынан зерттеу жұмыстары атқарылды. Зерттеудің нәтижесі бойынша білім және ғылым, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар министрліктерінен сараптамалардың оң қорытындысы алынған болатын. Осы жылдың 27 мамырында экология және табиғи ресурстар министрлігінде ауданы 900 гектар Кентау қаласының өнеркәсіптік аймағын төтенше экологиялық жағдай аймағы деп жариялау туралы бұйрықты әзірлеу мәселесі талқыланды", - деді Қадырбек сенаттың бүгінгі отырысында.
Осы орайда бір топ сенатор премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, заңға тиісті өзгерістерді енгізуді сұрады. Бұл жұмысқа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты болады.
"Сонымен қатар аталған аумақта бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге экологиялық аймақта тұрғаны үшін әлеуметтік аударымдармен қоса 20 пайыздық үстемақы, жалпы көлемі жыл сайын 6 миллиард теңгеге жуық қаржыны республикалық бюджеттен қарастыру мәселесін шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз ", - деп түйіндеді сенатор.