Назарбаев мектебінде емтиханға қатысты жанжал шықты: басқарма төрағасы мәлімдеме жасады

Sputnik
АСТАНА, 6 маусым – Sputnik. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің (НЗМ) басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин қорытынды емтихан материалдары сатылатыны және алдын-ала таратылатыны туралы ақпарат пайда болғаннан кейін жүргізілген қызметтік тексеріс нәтижесін жариялады.
"Жүргізілген қызметтік тексеріс шаралары оқушыларымыздың бірінің тапсырмаларды өз бетінше әзірлегені, ал басқа оқушылар оны нақты емтихан материалдары ретінде таратқаны белгілі болды. Бұл біздің мектептердің академиялық адалдығы мен ішкі ережелерін қатаң бұзу болып саналады", - деп түсіндірді Әнуар Жанғозин.
Ол осындай келеңсіздікті туындатқан оқушыларға емтиханды қайта тапсыру құқығынсыз емтихан нәтижелерін жою туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
"Бұл оқушылар қорытынды емтихандар аясында ҰБТ сертификатын алу мүмкіндігінен айырылады. Материалдарды таратуға қатысқан қалған оқушыларға да тәртіптік жаза қолданылды", - деді басқарма төрағасы.
Аудиторлар Назарбаев зияткерлік мектептерін тексеріп жатыр