АСТАНА, 6 маусым – Sputnik. Астанадағы "Русский дом" орыс ақынының туғанына 225 жыл толуына орай "Пушкин Қазақстанды аралайды" акциясын өткізіп жатыр.
"Астанадағы "Русский дом" ұйымдастырған ""Пушкин Қазақстанды аралайды" акциясы бүгін шарықтау шегіне жетеді. Айналаңыздан Пушкиндерді тауып, мерейтойлық төсбелгіні алыңыз", - делінген "Россотрудничество" мекемесінің Қазақстандағы өкілдігі Telegram каналында жарияланған хабарламада.
Алматыдағы Александр Сергеевич Пушкиннің ескерткіші
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Бұған дейін Қазақстандағы "Россотрудничество" өкілдігінің мәдени-ағарту бағдарламаларының жетекшісі Ольга Скальчук бұл жоба алғаш рет 2019 жылы басталғанын, республиканың әр түрлі қалаларының тұрғындарына ұнап, дәстүрге айналғанын айтты.
"Бес жыл ішінде оның аумағы кеңейіп, үлкен қалаларды ғана емес, сонымен қатар өте шағын қалалар мен ауылдарды да қамтыды, ал қатысушылардың саны 10 мыңнан асты", - деді Скальчук.
Ақмола облысы Атбасар қаласынан Пушкиннің өлеңдерін жатқа оқитын төрт жасар блогер Әлия Қайырбаева Астанадағы шараның арнайы қонағы болды. Сондай-ақ ZAZAN балалар би ансамблі де өнер көрсетті. 6 маусымда ақынның туған күнінде Қазақстанның астанасында М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында актер Сергей Матвеевтің қатысуымен "Пушкинмен жалғыз қалғанда" спектаклін тамашалауға болады.