АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Кентаулық талапкер Айдос Қожанов ұлттық бірыңғай тестілеуде екі сұраққа ғана дұрыс жауап бермеді. Оның нәтиежесі – 138 ұпай. Бірақ мектеп түлегі онымен тоқтамаймын дейді. Алдағы уақытта тағы бір мүмкіндігін пайдаланып, 140 ұпай алуды көздейді. Айдос Sputnik Қазақстанға тестке қалай дайындалып жүргенін айтып берді, жеке лайфхактарымен де бөлісті.
"Қазіргі мақсат – өз рекордымды жаңарту"
Айдос Қожанов 10 жыл бойы 16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейде оқыған. Ал 11-сыныпта Grant High School мектебіне ауысты.
"Мен ҰБТ-ға 10-шы сыныптан бастап дайындалдым. Бас кезінде физика мен математикаға басымдық бердім. Ал 11-сыныпта ұлттық бірыңғай тестілеуде тапсыратын барлық пән бойынша қызу дайындық басталып кетті. Соның арқасында қазіргі нәтижеге қол жеткізіп отырмын", - дейді талапкер.
Айдостың ҰБТ-дағы көрсеткіші:
Қазақстан тарихы – 19 ұпай (20 сұрақ);
Математикалық сауаттылық – 10 (10 сұрақ);
Оқу сауаттылығы – 10 (10 сұрақ);
Математика – 49 (50 сұрақ);
Физика – 50 (50 сұрақ).
"Мен қай сұрақтарға дұрыс жауап бермегенімді білдім. Қазіргі мақсатым – өз рекордымды жаңарту. 1 шілде күні ҰБТ-ны тағы бір рет тапсырып, 140 ұпай алғым келіп тұр. Оған тағы дайындаламын", - дейді мектеп түлегі.
Айдос Қожановтың қазіргі көрсеткіші әзірше Қазақстан бойынша ең жоғары нәтиже болып тұр.
Жоғары ұпай жинау үшін не істеу керек
Айдос ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық кезінде үш негізгі қағиданы ұстанған.
"Біріншіден, тұрақтылық болу керек. Күнделікті әрі тұрақты дайындық нақты мақсатқа жетуге жол ашады. Екіншіден, алдын ала жоспар, сен өз бағытыңды білуің керек. Үшіншіден, өзіңе деген сенім болуы қажет. Адам өзіне сенімді болмаса, жоғары ұпай жинай алмайды. Әрине, ҰБТ-ға кірердің алдында әрбір талапкерде іштей қобалжу болады. Бірақ өзіңе сеніп кірсең, тесті тапсыру қиын емес. Маған оңай болды", - деді талапкер Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Айдос өзінің лайфхактарын да пайдаланды. Оны интернет желісінен тауыпты.
"Мысалы, мен Қазақстан тарихына дайындалғанда флеш карточкаларды пайдаландым. Ондайда түрлі-түсті картон қағазды қиып, кішкентай карточкалар жасайды. Бірінші бетіне сұрақты, ал екінші бетіне жауабын жазасың. Осы флеш карточкаларды күнде пайдалану керек. Сонда ақпарат есте жақсы сақталады. Сосын Қазақстан тарихынан сұрақтардың жауабын жай жаттай бермей, түсініп оқығын дұрыс", - деп атап өтті Қожанов.
Мектеп түлегі болашақта математика пәнінен мұғалім болғысы келеді. Бірақ университетті әлі таңдаған жоқ.
20 жыл бұрын ҰБТ-ға қалай дайындалды
2000 жылғы түлек Әсел Шакуанова ұлттық бірыңғай тестілеуден 107 ұпай алған. Ол кезде ең жоғары көрсеткіш 120 балл болды.
"Мен таңдаған пән – дүниежүзі тарихы, одан соң Қазақстан тарихына қатты дайындалдым. Екеуінен де 5-ші сыныптан бастап 11-ші сыныпқа дейінгі барлық мектеп оқулығын жинап алдым да, ішіндегі маңызды даталарын, тұлғалардың есімдерін, тарихи оқиғаларды дәптерге жазып отырдым. Сосын дәптерді үйдегілерге беріп, маған сұрақ қойыңдаршы дейтінмін. Арасында құрбылармен көшеге шықсам, сол дәптерімді де бірге алып жүремін. Олар да маған сұрақ қойып жүретін. Сөйтіп, екі пәнге дайындалдым", - дейді Әсел.
Мектепте ол қазақ тілі мен математиканы жақсы оқыды. Сол себепті осы пәндер бойынша дайындалмаған. 10 жылда алған біліммен ұлттық бірыңғай тестілеуге барды.
Ал Аяулым Алтынбек ҰБТ-ны 2013 жылы тапсырып, 125 ұпайдың ішінен 113 балл жинады. Оның ойынша, тестке дайындалғанда жаттап алу тәсілінен барынша аулақ болу қажет.
"Тарих пәнінен оқиғаларды жаттап емес, түсініп оқу қажет. Мәселен, тарихтан маңызды даталарды есте сақтаған жөн. Оларды өзіңе таныс, жақын даталармен – ата-анаңның туған жылы, айы, күні және тағы басқасымен байланыстырып, жаттап алуға болады", - дейді Аяулым.
Ол 10-сыныптан бастап математикадан күніне кемінде 20 есептен шығаруды әдетке айналдырған. Айтуынша, адамның қолы мен миы жаттыққаннан кейін есептің кез келген түрі жеңіл шешіледі. Логикалық тұрғыда ойлану да өз көмегін тигізеді.