Скляр неліктен утиль алымды алып тастауға болмайтынын түсіндірді

Бұған дейін утиль алымды жоюды талап ететін петиция ашылып, оны қарауға қажетті қол жиналды
Sputnik
АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Егер утилизациялық алымды алып тастаса, бұл ақшаны бюджеттен өтеуге тура келеді, деді премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.
"Бұл салық. Ешкім салықты ұнатпайды, бірақ ол керек. Бар болғаны осы. Кейбір олигархиялық топтар бұдан пайда тауып жатыр деп айту дұрыс емес. Бұл ақшаны ұрлауға болмайды, бұл анық. Оны тиімді пайдалану керек", - деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Әлемнің бірде-бір елі жарамдылық мерзімі біткен көліктерді әкелуге рұқсат бергісі келмейді, өйткені олар қоршаған ортаны ластайды, деп атап өтті Скляр.
Утиль алым жанама салық, бұл ақша Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бақылауындағы "Жасыл даму" АҚ арқылы жұмсалады, деп түсіндірді ол.
Еске салайық, Қазақстанда утиль алымды алып тастауды көздейтін петиция ашылып, оны қарауға қажетті қол жиналды.
Бұған дейін Роман Скляр Primeminister-ге берген сұхбатында Қазақстанда 5 миллионнан астам автокөлік бар екенін атап өтті. Оның пікірінше 3 жылдан асқан көліктерді тіркеуге барлық кедергіні алып тастаса, елге ескі көліктер көптеп кіріп, экологиялық жағдайды айтарлықтай нашарлатады.