АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Forbes журналының ТОП-25 тізіміндегі қазақстандық кәсіпкер Владимир Жұманбаевқа іздеу жариялады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Көрші мемлекеттің арнайы қызметі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
"Братский круг" халықаралық қылмыстық тобының құрамында болған, "қылмыс әлемінің серкесі" атанған Қамшы Асанбектің ұйымдасқан қылмыстық тобын Қазақстан Республикасының ірі кәсіпкерлерінің бірі – Владимир Викторович Жұманбаев қаржыландырғаны туралы фактілер анықталды", - делінген хабарламада.
Қазақстандық кәсіпкер Қырғызстан аумағында қолдауға ие болу үшін "бірлескен бизнес жобаларын жүзеге асыру мақсатында қылмыс әлемінің серкесі Асанбекпен байланыс орнатқан" деп атап өтті Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Тергеушілердің мәліметінше, Жұманбаев Қырғызстан аумағында алтын өндірумен, кендер мен асыл металдарды байытумен айналысатын Vertex Gold Company компаниясының иесі бола отырып, 2021 жылдан 2023 жылға дейін алтын өндіруші компанияның жауапты қызметкерлеріне Көлбаевқа ай сайын миллион сом аударып тұруды тапсырған.
"Сонымен бірге Жұманбаев Ыстықкөл облысындағы "Барс" демалыс базасының аумағында бірнеше рет бос уақытын өткізіп, Асанбекпен кездескен", - делінген хабарламада.
Бішкектің Октябрь аудандық соты Жұманбаевқа қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы шешім қабылдады.
Кәсіпкерге мемлекетаралық және Интерпол арқылы іздеу жарияланды, деп атап өтті Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті.