Қазақстанда бір жылда күнкөріс деңгейі қаншаға өсті

Бұл ретте Қазақстандағы жасөспірім ұлдар қыздарға қарағанда көбірек қаражат алуға құқылы
Sputnik
АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Биылғы жылдың мамыр айында Қазақстанда күнкөріс минимумы жан басына шаққанда орта есеппен 49,2 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артық.
Finprom.kz сарапшылары Қазақстандағы жасөспірім ұлдар қыздарға қарағанда көбірек қаражат алуға құқылы екенін хабарлады. Ерлер арасында ең жоғары күнкөріс минимумы 14-17 жас аралығындағы ұлдарда тіркеліп, 62,1 мың теңгені құрады.
Әйелдер арасында ең жоғары күнкөріс деңгейі 14-17 жас аралығындағы қыздарда тіркеліп, бұл көрсеткіш 47,6 мың теңгені құрады.
"Барлық жас санатындағы ұлдар мен ер адамдарға арналған күнкөріс минимумы қыздар мен әйелдерге қарағанда айтарлықтай жоғары болды. Ең үлкен айырмашылық 14-17 жас тобында 30,5% деңгейінде тіркелді", - деп хабарлады сарапшылар.
Ең жоғары күнкөріс минимумы Маңғыстау облысында тіркелді, ол 59,7 мың теңгені құрады. Маңғыстаулық көрсеткіш елдегі орташа көрсеткіштен 21,4%-ға жоғары болды.
Үздік үштікке сондай-ақ Астана (53,8 мың теңге) және Алматы (52,3 мың теңге) қалалары енді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан (51,5 мың теңге) және Алматы облыстары (50,5 мың теңге) да осы топқа енді.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі Ақтөбе (44 мың теңге), Қызылорда (44,1 мың теңге) және Түркістан (44,3 мың теңге) облыстарында тіркелді.
Күнкөріс минимумының ең көп өсімі Ұлытау облысында байқалды, ол бір жылда 7,3%-ға өсіп, 49,9 мың теңгеге жетті. Ең аз өсім Атырау облысында тіркелді – небәрі 0,1%-ға, яғни 46 мың теңгеге дейін ұлғайған.