Видео

"Назардан тыс қалдық": ерекше балалардың аналары заңға өзгеріс енгізуді талап етті – видео

Sputnik
АЛМАТЫ, 5 маусым – Sputnik. Қонаев қаласында ерекше балалардың ата-аналары заңға өзгеріс енгізуді талап етіп жатыр. Өйткені 15 жылдап баспанаға қолымыз жетпей қиналдық, дейді олар. Мәселенің мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Сәуле Төлебаева – 5 баланың анасы. Басында баспанасы жоқ, бауырында ерекше күтімді қажет ететін баласы бар.
"Жолдасым бір жыл бұрын тастап кетті. Сот арқылы ажырастық, 35 мың теңге алимент төлеп тұрады. Өзім пәтерлі 100 мың теңгеге жалдап тұрамын, екі балам Алматыда студент. Қонаев жақын жер болғандықтан оқу орындарынан жатақхана берілмеді. Амалсыз Қонаевтан қатынап оқиды. Бесінші балам ерекше бала. Өзімнің әке-шешем жоқ, қайтыс болған. Арқа сүйер ешкімім жоқ", - дейді ол.

"Мешіттен тамақ алып ішеміз"

"Ерекше балам Әлтайырдың мүгедектік бойынша алатын ақшасы 120 мың теңге, оған пәтерақымды төлеймін. Ал көпбалалы ана ретінде алатын ақшама ерекше балама емдік дене шынықтыруға 10 күнге 80 мың теңге төлеймін. Жақында Әлтайыр екінші рет комаға түскенде шайнау қабілетінен айырылды. Сол себепті "Малоежка" деген тағам аламын, оның бір банкасы 16 мың теңге. Оның өзі 10 күнге ғана жетеді. Қазір ақшам жоқ, Әлтайырды арнайы тағаммен күніне бір-ақ рет тамақтандырамын", - дейді көпбалалы ана.
Ерекше балалардың аналары заңға өзгеріс енгізуді талап етті
Сәуле Төлебаева екі жыл бойы әкімге барып, баспана сұраған.
"Былтыр сәуірде бюджетке ақша түседі, сол кезде пәтер береміз деді. Сосын биыл береміз деді. Сол күйі жоқ болды. Тамаққа ақшам жоқ, мешіттен алып жеп отырмыз. Жалпы ай сайынғы кірісіміз – 203 мың теңге. Мемлекет тарапынан ерекше балама берілетін памперс бітті, екінші ай сатып алып жатырмын", - дейді Сәуле Төлебаева.
Бұл бір Сәуле Төлебаеваның емес, ерекше баласы бар талай қазақстандық ананың жанайқайы.

Ашынған аналар президенттен көмек сұрады

"Біздің президентке айтар үлкен өтінішіміз бар. Ерекше балалары бар отбасылардың өмірі құнсызданып барады. Өйткені көпшілігі баспанасыз. Біз сияқты отбасыларды баспана алуда жеңілдігі бар басқа санаттағы адамдардың тізіміне қосып қойған. Мысалы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көпбалалы аналар, қандастар... содан кейінгі санатқа жатамыз. Тіпті сол тізімнің соңғы жағында тұрмыз. Сәйкесінше баспанаға 10-15 жылдап қолымыз жетпейді. Ерекше баласы бар аналарды күйеулері тастап кеткен, басқа да балалары бар. Біздің жағдайымызға құлақ асатын адам табылмай жатыр. Заңға өзгеріс енгізіп, біздің санатымызды өзгертуін сұраймыз", - дейді ерекше баланың анасы Айжан.
Sputnik Қазақстанға көмек сұрап хабарласқан аналардың арасында жалдамалы пәтерін төлей алмай, мүмкіндігі шектеулі баласын қолтығына қысып, ақ қар, көк мұзда далада қалған аналар да бар.
"Баспана кезегі келгенде бірінші ҰОС ардагерлері, екінші кезекте жетім балалар, үшінші кезекте көпбалалы аналар, сосын қандастар алады. Ал біздің санат кезектің соңына таман тұр. Қолымыз баспанаға жетпейді. Біздің санатымызды жетім балалардың санатымен бірдей етсе деп сұраймыз. Өйткені бізді сау баланы бағып отырғандардың қатарына кіргізіп қойған. Өзіміз жұмыс істей алмаймыз, өйткені ерекше баланы қарайтын адам жоқ", - дейді Айкүміс Қазыбекова.
Ерекше балалардың аналары заңға өзгеріс енгізуді талап етті
Ерекше балаларға төленетін жәрдемақы еміне емес, отбасының жалдамалы баспанасына кетіп жатыр, дейді аналар.

Биыл 85 баспана әлеуметтік осал топтарға беріледі

Бір ғана Қонаев қаласында 2000 жылдан бері ерекше баласы бар бір де бір отбасы баспана алмаған, өйткені кезегі жетпеген. Бұны қалалық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары да растап отыр.
"2020-2021 жылдан бастап берілген үйлердің ішінде ерекше баласы бар отбасылар баспана алмады. Баспана заңға сәйкес беріледі. Егер де әлеуметтік осал топтар санатында тұрса, кезекке беру ұсынылымы тіркеліп тұрады. Мысалы бізде бірінші болып кезекте тұрған ерекше баласы бар Шевченколардың отбасы, олар 2007 жылдан бері кезекте тұр. Ал кезекке жолдан қосылып кетеді деген ақпарат өтірік. Өйткені бұл кезек электронды түрде жасалады, ақпарат бәріне қолжетімді, бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінен көруге болады", - дейді Қонаев қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Әкімжан Шәкір.
Қазіргі күні Қонаевта ипотекалық тұрғын үйлер ғана салынып жатыр.
"Бұл түйді әлеуметтік осал топтар ғана емес, қалада баспана кезегінде тұрғандардың барлығы ала алады. Жеңілдікпен үй алатындардың санатын өзгерту біздің қолымызда тұрған жоқ. Бірақ биыл 85 пәтер сатып алдық, кезек алға жылжиды. Әлеуметтік осал топтарға баспана бойынша алынды, бұйырса 85 отбасыны баспанамен қамтимыз. Жалпы баспанамен қамту мәселесіне басты кедергі – қаражаттың жоқтығы", - дейді Әкімжан Шәкір.