Көлік министрлігі жолдардың мерзімінен бұрын тозуының негізгі себептерін атады

Sputnik
АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Министрліктің мәліметінше, еліміздің аумағында 60 мыңға жуық самосвал тіркелген. Оның ішінде, статистика мәліметтеріне сәйкес, Қытайда өндірілген 40 мыңға жуық самосвал шамадан тыс жүктемемен жалпы пайдаланымдағы жолдарда жүріп, инертті материалдарды тасымалдайды.
Осылайша, аталған жүк көліктерінің салмағы рұқсат етілген нормадан екі есе асып түседі. Мәселен, рұқсат етілген жүктеме 25 тонна болса, самосвалдар жалпы салмағы 35-40 тонна жүкті тасымалдайды.
"Бұл жол төсемінің мерзімінен бұрын тозуына әкелетін әрі кері әсер ететін факторлардың бірі. Жол қозғалысына карьерлерде жүретін ауыр жүк көліктерімен қатар автомобиль жолына үлкен салмақ түсіретін өзге де автокөлік құралдары қатысады. Олардың қатарында бетон араластырғыштар, автокрандар және басқа да ауыр автомобильдер бар", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың желтоқсанында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату және олардың жұмыс істеу тәртібін анықтайтын Заң қабылданған болатын. Аталған заңнама жүк көтергіштігі 12 тоннадан асатын автомобильдерді өлшеу станциялары арқылы өтуге міндеттейді әрі Заң талаптарын бұзу әкімшілік жазаға алып келеді. Осы ретте көліктік бақылауды барынша қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған өлшеу станцияларының санын едәуір арттыру жоспарда бар.
Осылайша, биыл елордаға кіреберіс жерде автоматтандырылған 6 жаңа станция орнатылды. Қазіргі уақытта олар пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Көліктік бақылау органдары қызметкерлерінің айтуынша, аталған шараларды қолға алу арқылы ауыр салмақты автомобиль көлік құралдарының қозғалысын бақылауға қатысты мәселелерді шешу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту көзделіп отыр.
"Жылда осы проблема": Алматы облысында жүргізушілер жол азабын тартып отыр