Астанада жылу энергетика орталығының құрылысы 13 жыл бойы бітпей келеді

Құрылыс 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді
Sputnik
АСТАНА, 5 маусым - Sputnik. Астанадағы жылу энергетика орталығы – 3 құрылысына мәжіліс депутаттары наразылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында сақалды құрылысқа айналған жылу орталығына депутат Еділ Жаңбыршин наразылық білдірді, ол энергетика министрінен құрылысқа қанша қаражат жұмсалғанын сұрады.
"ЖЭО-3 құрылысы 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді, осы уақыт ішінде жаңа туған сәби 13 жасқа толады, ал біз әлі де маңызды әлеуметтік нысан сала алмай келеміз", – деді Жаңбыршин.
Парламенттегілердің айтуынша, республикалық бюджеттен 116 миллиард теңге жұмсалған жылу орталығы әлі іске қосылмаған.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жоба құнының 40%-ке қымбаттап кеткенін алға тартты. ЖЭО-3 құрылысының жалпы сомасы 146 миллиард теңге.
"Оның ішінде республикалық бюджеттен 141 миллиард теңге. Қазір бюджеттен 116 миллиард теңге бөлінді. Бұл ақшаға 4 қазандық пен бір бу турбинасы салынды. Жылыту маусымы кезінде ЖЭО жұмыс істеді", - деп жауап берді Сәтқалиев.
Құрылыс 2026 жылы аяқталуы мүмкін, деп сендірді министр. Ағымдағы жылдың наурыз айында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде биыл Астанада ЖЭО-3 көмір бөлігі іске қосылатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, ЖЭО-3 құрылысының бірінші кезеңі 2023 жылдың қазан айында аяқталды. Ол сол жағалаудың бір бөлігін және жаңа салынып жатқан аудандарды жылытады.