АСТАНА, 4 маусым – Sputnik. Әлеуметтік желілердің мессенджерінде Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың және орынбасары Ғалымжан Тулеповтың атынан хабарлама жіберіліп жатыр.
Кентау қаласының әкімдігі әлеуметтік желідегі бұл хабарламалардың жалған екенін мәлімдеді.
"Мұны интернет алаяқтары жібереді. Сіздерден жалған ақпаратқа сеніп, бейтаныс нөмірге ақша аудармауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер", -+ деп хабарлады әкімдіктегілер.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов өзінің жеке парақшасында да мәлімдеме жасады. Айтуынша, оның атынан жалған парақша ашылған.
"Әлеуметтік желі қолданушылар арасында кеңінен таралған WhatsApp, Messenger және Telegram желілерінде менің атымен ашылған фейк парақша анықталды. Менің есімімен аталған парақшалардың маған ешқандай да қатысы жоқ екендігін хабарлаймын. Фейк парақшасының қолданушысын анықтау мақсатында құзырлы органдарға арыз жазылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Заң аясында жауапкершілікке тартылатын болады", - деп жазды әкім.