АСТАНА, 4 маусым – Sputnik. Қазақстандық "ҚазМұнайГаз" мұнай-газ ұлттық компаниясы мен Ресейлік "Лукойл" Каспийдегі кен орнын дамытуға 6 миллиард доллар инвестиция салады.
Қазақстанда "Қаламқас-теңіз" және "Хазар" кен орындарын (Каспий теңізінің қазақстандық акваториясындағы кен орындары - Sputnik) игеру жобасы іске аса бастады, деп хабарлады энергетика министрлігі.
"Жоба бойынша келісімдерге қол қойылды және іске асыру мақсатында Kalamkas – Khazar Operating ЖШС бірлескен кәсіпорын - жоба операторы құрылды", - делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік Қаламқас-теңіз-Хазар жобасының қатысушылары "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ (50%) және "Лукойл" жақ (50%) екенін еске салды.
Ведомствоның мәліметінше, бірлескен кәсіпорын 2026 жылы "Қаламқас-теңіз"кен орнында өндіруді жедел бастау үшін қазақстандық верфтерде теңіз платформаларын салуды жоспарлап жатыр.
Энергетика министрлігі 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылатынын айтты.
"Жұмыс "Қаламқас-теңіз" кен орнында болат конструкциялардан жасалған теңіз платформаларын орнатудан басталады", - делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік бұл жоба бүкіл елдің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретініне сенімді.
"Әлемдік стандарттарға сай келетін мамандарды даярлауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамуға қолайлы мультипликативтік әсер етеді", - дейді ведомство.
Қаламқас-теңіз кен орны Каспий теңізінің солтүстік-шығыс секторының орталық бөлігінде жағалаудан 64 шақырым жерде орналасқан.
Мұнда теңіздің тереңдігі 6-7 метр. Кен орнының ұзындығы шамамен 50 шақырым және ені 6 шақырымға дейінгі ұзын және тар құрылым.
Хазар кен орны Қаламқас теңізінен оңтүстік - батысқа қарай 30 шақырым және Бузачи түбегінен солтүстік-батысқа қарай 65 шақырым жерде орналасқан.
Кен орындары барлаудан өтті және Қазақстан Республикасының балансына қойылған расталған қорлары бар.