Ақтөбеде ардагер спортшы министрліктен сыйақысын өндіріп алды

Ол әлем чемпионатында жарыстың үш түрінен 2 рет бірінші және 1 рет екінші орын жеңіп алды
Sputnik
АСТАНА, 4 маусым – Sputnik. Ақтөбеде ардагер спортшы министрліктен әлем чемпионатының алтын медальдары үшін берілуге тиіс ақшалай сыйақыны сот арқылы өндіріп алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына сілтеме жасап.
Арызданушы гір спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған. Ал 2023 жылы әлем чемпионатында (65-69 жас аралығындағы ардагерлер тобында) жарыстың үш түрінен 2 рет бірінші және 1 рет екінші орын жеңіп алды.
Чемпион жүлделі орындарға ақшалай сыйақы алу үшін министрлікке өтініш жазған. Бірақ одан нәтиже шықпады. Мемлекеттік орган арнайы ережеде ардагер спортшыларға төлемдер қарастырылмағанын алға тартып, оның өтінішін орындаудан бас тартқан.
"Ереже бойынша халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жеке спорт түрлері бойынша құрама командалардың мүшелеріне әр орын үшін 100% мөлшерінде ақшалай көтермелеу төленеді. Бұл ретте спорт ардагерлеріне-халықаралық жарыстардың жүлдегерлеріне көтермелеу төлеуге тікелей тыйым салынбаған. Сондықтан министрлік өкілінің ұлттық құрама команданың мүшелеріне ғана ақшалай сыйақы төленетіні және бюджетте спорт ардагерлеріне ақшалай сыйақы төлеу бойынша шығыстар көзделмегені туралы дәлелдері дәрменсіз деп танылды", - делінген сот үкімінде.
Ардагер спортшылар қатысқан чемпионатқа 27 елдің командасы қатысқан. Қазақстандық спортшы солардың ішінен оқ бойы озық шықты.
Сот ардагер спортшының талабын қанағаттандырды. Министрлік оған әлем чемпионатындағы жүлделі орындар үшін ақшалай сыйақы төлеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.