АСТАНА, 4 маусым – Sputnik. Түркістан облысының мектеп түлегі ұлттық бірыңғай тестілеуден 138 ұпай жинады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Кентаулық талапкер Айдос Қожановтың көрсеткіші әзірше еліміз бойынша ең жоғары нәтиже болып тұр. Айдос 10 жыл бойы 16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейде оқыған. Ал 11-сыныпта Grant High School мектебіне ауысты. Мектеп түлегі болашақта математика пәнінен мұғалім болғысы келеді.
Биыл Түркістан облысында 27 340 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтінім білдірген. Жалпы өңірде 32 306 оқушы 11-сыныпты тәмамдап отыр. Олардың ішінде 1 727 бала - "Алтын белгіге", 2 466 оқушы - үздік аттестатқа үміткер.
Айта кетері, ҰБТ-дан кейін ұлттық тестілеу орталығы бейнежазбаларды тексереді. Содан кейін ғана талапкерлердің нәтижесін растайды. Тексеріс кезінде тест тапсыру тәртібін бұзу фактілері анықталса, ҰБТ нәтижесі жойылады.