Жасанды интеллект бейбіт мақсатта пайдаланылады

Жасанды интеллект технологияларының дамуы қазірдің өзінде халықаралық саясатқа әсер етуде, сондықтан ұйым оны деструктивті күштер пайдалануы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді
Sputnik
АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік ассамблеясының кеңесі жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты мәлімдеме қабылдады, деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.
Дүниежүзіндегі көптеген ел жасанды интеллект технологияларын дамытуды ішкі және сыртқы саясатының басымдықтары ретінде қарастырып отыр, делінген құжатта.
ҰҚШҰ заң шығарушы органдарының өкілдері жасанды интеллект технологиялары климаттың өзгеруі, кедейшілік, трансшекаралық қылмыс және терроризммен күресті қоса алғанда, жаһандық мәселелерді шешуге көмектесетінін мойындады.
Сонымен қатар олар ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың бір түрі ретінде жасанды интеллект технологиялары халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі осалдықтың жаңа факторына айналуына алаңдаушылық білдірді.
Бұл туралы ұйым парламенттерінің спикерлері мынандай мәлімдеме жасады:
"халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, ұлттық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету, экономиканың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру үшін жасанды интеллект қолданудың тек адамгершілік сипаттағы мақсаттарын айқындайтын" мемлекеттердің стратегиялық жоспарлау құжаттарын құптайды.
"жасанды интеллект технологияларын әзірлеу және пайдалану реттелетін, бақыланатын және қауіпсіз болуы керектігін" қолдайды.
олардың пікірінше, жасанды интеллект әзірлеу мен "азаматтық" қолданылуын халықаралық реттеу дүниежүзінің барлық елінің мүдделерін дұрыс есепке алу негізінде мемлекетаралық форматта БҰҰ бақылауымен жүзеге асырылуға тиіс.
"жасанды интеллект технологиялары мен оларды реттеу мәселесін саясаттандыруға, сондай-ақ технологиялар мен оларды дамытуға қажетті инфрақұрылымға қол жеткізуге жасанды шектеулер жасауға жол берілмейді" деп санайды.
жасанды интеллект дайындау мен қолдануда, сондай-ақ жасанды интеллект дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды салуда кемсітушіліксіз негізде белсенді халықаралық ынтымақтастыққа шақырады.
ұлттық қауіпсіздікті және азаматтардың мүдделерін қорғау мақсатында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерін белсенді түрде қолданысқа енгізуге және пайдалануға, үлкен деректер саласындағы ұлттық бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуге, "ақпараттық және когнитивтік қауіпсіздікті нығайтуға, деректер айналымын бақылауға" шақырады.
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге жасанды интеллект дамыту мақсатында ҰҚШҰ жауапкершілігі аймағында қолайлы заңнамалық негіз құру үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауға ниетті екенін мәлімдейді.
Сонымен қатар баяндама жасаған парламент мүшелері ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында үлкен деректерді құру және пайдалану, жасанды интеллект пен робототехниканы әзірлеу бойынша ҰҚШҰ-да дайындалған ұсынымдар өзара тиімді негізге негізделгенін және дер кезінде қабылданғанын айтты.
Олар әлем парламенттерін осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
"Біз болашақ технологиялық әлем өзара құрмет, сенім және ынтымақтастық негізінде құрылған көпполярлы болуы керек екеніне сенімдіміз", - делінген құжатта.
Мәлімдемеге қол қойған спикерлер мұндай көзқарасты мүдделі мемлекеттермен және олардың бірлестіктерімен бірлесіп ілгерілетуге дайын екендіктерін баса айтты.