Ауғанстандағы күрделі гуманитарлық жағдайды ұмытпау керек – Қошанов

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысушылар әлемдегі жалпы геосаяси жағдайды талқылады
Sputnik
АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған парламент делегациясы Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады төменгі палатаның баспасөз қызметі.
Ерлан Қошанов жиынға қатысушыларға 2024 жылы Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалығы кезіндегі басымдықтарының жүзеге асу барысы туралы ақпарат берді.
"Біз бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ісінде Ұйымымыздың әлеуетін дамытуға баса назар аудардық. Қазақстан президенті – ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағыттарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл құжат қажетті модельдік заңдар мен ұсыныстарды әзірлеу үшін біздің парламенттеріміздің де үйлесімді іс-әрекетін қамтиды", – деді мәжіліс спикері.
Жиынға қатысушылар әлемдегі жалпы геосаяси жағдайды талқылап, Таяу Шығыстағы ахуал ерекше алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Мәжіліс спикері халықаралық қоғамдастық Ауғанстандағы күрделі гуманитарлық жағдайды да ұмытпауы керектігіне назар аударды.
Кездесуге Қазақстан тарапымен қатар Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының, Беларусь Республикасының Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының, Қырғызстанның Жогорку Кенеш және Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлисимилли төрағалары бастаған делегациялар мен ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ ПА Атқарушы хатшысы Сергей Поспелов қатысты.